ШҚО-да биыл төтенше жағдайдан көз жұмғандар саны 29 пайызға азайды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы жұртшылығымен кездескен төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков өңірде биыл түрлі төтенше жағдай кезінде көз жұмғандар саны 28,9%-ға азайғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құтқарушылар су және сел тасқыны, жер сілкінісі қаупін азайту, өрттердің, өндірістік нысандардағы апаттардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде іс-шаралар кешенін жүргізеді. Соның нәтижесінде биыл Шығыс Қазақстан облысында түрлі төтенше жағдай кезінде қаза болғандар саны 28,9%-ға азайып отыр. Жалпы өңір бойынша 1 100-ден астам төтенше жағдай тіркелген», - деді Марат Күлдіков.

Оның айтуынша, ШҚО ТЖД қызметкерлері 6 мыңнан астам мәрте көмекке аттанып, 1 052 адамды құтқарды.

«Бүгінде облыста 33 өрт сөндіру бөлімшесі бар. Бірақ бұл осындай үлкен аймақ үшін жеткіліксіз. Сондықтан тағы 5 бөлімше құру қажет. Олардың қажетті техникамен қамтамасыз етілуі де өте маңызды. Қазіргі уақытта осы бөлімшелерде әртүрлі мақсаттағы 245 техника бар», - деді ҚР ТЖ вице-министрі Марат Күлдіков.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы 59 елді мекенде су басу қаупі жойылғаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар