ШҚО-да биыл мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы 50 рет бұзылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы 50 рет бұзылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті ШҚО департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың алғашқы үш айында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету және мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласына қатысты 14 тексеру жүргізілді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың арыз-шағымдары бойынша жоспардан тыс 5 тексеру жасалды.

«Соның нәтижесінде, 50 құқық бұзушылық анықталды. Өңірде мүгедек азаматтар әлеуметтік нысандарының барлығына пандустың жоқтығынан әлі күнге дейін емін-еркін кіре алмайды. Осындай 35 бұзушылық тіркелді. 15 жағдайда мүгедектердің арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу құқықтары бұзылған», - дейді департаменттің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Мақсат Чукубаев.

Оның айтуынша, жоспарлы түрде Семей қаласының №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, Алтай қаласындағы қарттар үйі, Жарма ауданының әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, бес мектеп және Шар қаласы әкімінің аппараты тексерілді.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін 126 мыңнан астам мүгедектігі бар қазақстандықтың онлайн қызмет алғаны хабарланған.



Соңғы жаңалықтар