ШҚО-да биыл қанша тұрғын үй салынады
2021 жылғы 30 қаңтар 00:55

ШҚО-да биыл қанша тұрғын үй салынады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов аймақтағы тұрғын үй құрылысы туралы кезекті жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс бойынша 2016 жылдан бастап өткен жылға дейін 2,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жыл сайынғы орташа өсім 110,4%-ды құрайды. Тек былтырдың өзінде 519,8 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Десе де Өскемен қаласындағы құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді.

«Өткен жылы Өскеменде тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары орындалмады. Биылдың І жартыжылдығында да мардымды іс бітіретініне сенім жоқ. Сондықтан Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына «ШҚО-ның 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған міндеттер туралы» облыс әкімдігі қаулысының жобасын қайта пысықтауды тапсырамын. Егер Өскемен қаласы бойынша көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарлы түрде орындалмаса, қаражатты аудандарға бөлуіміз қажет. Сол арқылы аудан орталықтарында бірқабатты тұрғын үй салу ісіне қарқын берген абзал», - деді Даниал Ахметов.

Осы ретте аймақ басшысы Өскемен қаласының әкімдігі ұсынған құрылыс биыл аяқталып, азаматтарға пайдалануға берілуі тиіс тұрғын үйлердің кестесін қайта қарауды тапсырды.

«Бұл мәселе тек Өскеменге емес, барлық аудан, қалаларға қатысты. Сондықтан Құрылыс басқармасына әр тұрғын үйдің құрылысын аяқтау кестесімен қатар, тұрғындарды қоныстандыру кестесін жасауды тапсырамын. Егер әр әкімнің қолы қойылған кестедегі меже орындалмаса, тиісті жауапкершілік жүктеледі», - деді ШҚО әкімі.

Сондай-ақ Даниал Ахметов пайдалануға берілетін нысандардың барлығында дер кезінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.

2021 жылы Шығыс Қазақстанда қаржыландырудың барлық көздері есебінен 577,2 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT