ШҚО-да биыл «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 64 жоба іске асырылады

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 2023 жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 64 жоба іске асырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын жобалардың негізгі бағыты - тірек ауылдардағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту.

«Бағдарлама шеңберінде биыл 64 жобаны іске асыру көзделген. Оның үшеуі өтпелі жобалар, атап айтқанда Марқакөл, Үлкен Нарын және Катонқарағай ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы. Қалған 61 жобаға мектептерді, ауылдық клубтарды, медициналық мекемелерді жөндеу, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу, қазандықтар мен жылу желілерін жаңғырту, жолдар мен көшелерді жөндеу, көше жарығын орнату кіреді», - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, құрылыс маусымының басында іске кірісу үшін жобалардың барлығына арналған конкурстық рәсімдер ақпан-наурыз айларында өтуі тиіс.

«Экономика және бюджеттік жоспарлау және қоғамдық даму басқармаларына осы жобаларды тоқсан сайын іске асыруды бақылауда ұстауды тапсырдым. Себебі халық қайда және не салынып жатқанын білуі керек», - деді әкім.


Соңғы жаңалықтар