ШҚО-да биыл АӘК алушылардың құжаттары автоматты түрде жинақталады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың бірінші тоқсанында АӘК алушылардың құжаттары ақпараттық жүйеде автоматты түрде жинақталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы әлеуметтік төлемдер бөлімінің басшысы Бұлбұл Құсманованың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек алатын өңір жұртшылығы эпидемиологиялық жағдайға байланысты құжат жинап әуре болмайды.

«Атаулы әлеуметтік көмек – азаматтардың аз қамтылған санаттарын мемлекеттік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі. 2022 жылдың 1 тоқсанында облыс бойынша коронавирус жұқтырудың алдын алу мақсатында АӘК тағайындауға өтініш беру автоматты түрде жүргізіледі. Яғни, бұл бірінші тоқсанға – өткен жылғы төртінші тоқсандағы табыстарды ескере отырып, ақпараттық жүйе арқылы жасалады», - деді ол.

Бұлбұл Құсманованың сөзінше, АӘК-ті алғаш рет алатындар «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы өтініш беруі қажет. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталықтары және кент, ауыл, ауылдық округ әкімдігіне жүгінуге болады.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін есептеу үшін 2022 жылғы 1 тоқсандағы кедейлік шегі – 27019 теңгені құрады.


Соңғы жаңалықтар