ШҚО-да биыл 900-ге жуық адам емханадағы тіркеуін ауыстырды

Автор:  
Талғатжан Мұхаметбекұлы

ШҚО-да биыл 900-ге жуық адам емханадағы тіркеуін ауыстырды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл 900-ге жуық адам емханадағы тіркеуін ауыстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір бойынша тұрғындар 63 емханада тіркеуде тұр. Биыл 875 адам тіркеуін өзгерту арқылы емханасын ауыстырған. Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ШҚО әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының директоры Ғалымжан Әбілов мәлімдеді.

«Халықтың бұрынғы емханада қаралғысы келген бөлігі, автоматты түрде сол медициналық мекемеге тіркелді. Бекіту нәтижесі бойынша медициналық ұйымдарға бөлінген тұрғындар санын есепке ала отырып, 2022 жылға қаржыландыру жоспарланады. Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар бұрын бекітілген емханаларынан қызмет ала алады», - деді ол.

Айта кетейік, тіркеу науқаны - емхана ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес. Егер азаматтың тұрақты немесе уақытша тұратын, жұмыс істейтін немесе оқитын жері өзгерсе, онда оған өз қалауы бойынша емхана ауыстыру мүмкіндігі беріледі.

«Барлық азаматтар сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алуға құқылы. Бірақ жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болу қажет», - деді Ғалымжан Әбілов.





Серіктестер жаңалықтары