ШҚО-да биыл 9 мыңға жуық оқушы мектеп бітірді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биылғы оқу жылында 9 мыңға жуық оқушы мектеп бітірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, өңір бойынша 193 мың оқушы жазғы каникулға шықты. Оның ішінде 9-сынып бітіргендер – 16,3 мың, 11-сынып түлектері – 8,7 мың. 28 мамырда тоғызыншы сынып оқушылары қорытынды емтихан тапсыра бастайды. Биыл әдеттегідей төрт емес, үш емтихан болмақ. Ал 1 маусымнан бастап 11 сынып оқушылары төрт мемлекеттік қорытынды емтихан тапсырады.

«752 түлек «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. 476 түлек жалпы орта білім туралы арнайы куәлік алмақ. Тоғызыншы сынып бітіргендер арасында 1,8 мыңнан астам оқушы «Үздік аттестат» иегері атануға үмітті. Коронавирус жұқтырған оқушылар қорытынды аттестаттаудан босатылады. Олардың аттестатына баға жыл бойындағы оқу үлгеріміне байланысты қойылады. Егер оқушы қауіпті дертке шалдыққан адаммен байланыста болғандардың қатарында болса, онда ол емтиханды қашықтан тапсырмақ», - деді Сайрангүл Жұмаділова.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстанда биыл 6800 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатындығын хабарлаған болатынбыз.

Фото: semeytv.kz
Соңғы жаңалықтар