ШҚО-да биыл 8,8 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады
2021 жылғы 27 қаңтар 23:57

ШҚО-да биыл 8,8 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 2021 жылы 8,8 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде өткен жылы 10 969 отбасыға жалпы сомасы 4,7 млрд теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек төленді. Мемлекеттік жәрдемақыны тағайындаудан бөлек, азаматтарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу мақсатында да бірқатар жұмыс атқарылған. Нәтижесінде 2020 жылы АӘК алушылар қатарындағы 2907 адам жұмысқа орналастырылды. Ал «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсібін бастау үшін 636 грант көпбалалы, 239 грант тұрысы төмен отбасына берілді.

«Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан 1060 өтінім келіп түсті. Оның 875-і, яғни, 82% қанағаттандырылды. Облыс әкімінің өкімімен 2020 жылы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар мәселелері бойынша қалалық және аудандық қоғамдық комиссиялар құрылған. Оның құрамына көпбалалы аналар қоғамдастығының өкілдері енді. Олар жыл көлемінде тұрғын үй, грант бөлу, оқу процесін, мектеп формасымен қамтамасыз ету, тамақтану сынды мәселелер бойынша 77 рет түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, облыста «Ақ ұлпа аналары» және «Үйлесім» қоғамдық бірлестіктері құрылған, - деді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.

Оның айтуынша, 2021 жылы АӘК алатын отбасылардағы 1-ден 6 жасқа дейінгі 11 мың бала үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет арнайы портал арқылы берілмек. Облыс әкімі Даниал Ахметов атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, осы жылға бірқатар міндет жүктеді.

«Былтыр аз жұмыс атқарылмады. Десе де биыл еңбекке қабілетті АЕК алушыларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің оңтайлы жолдарын табуды тапсырамын. Гранттар мен микрокредиттерді бөлу барысын қатаң қадағалаңыздар. Сонымен қатар қарт жандарды сауықтыру бойынша жеке жоба дайындау қажет. Олар еліміздің дамуына сүбелі үлес қосты, - деді Даниал Ахметов.

Жалпы 2021 жылы 8,8 мың отбасына АӘК тағайындау жоспарланған. Оның аясында 42 мыңнан астам адам, оның ішінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі 11 мың бала азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіледі.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT