ШҚО-да биыл 23 дәрігер Израиль, Латвия және Ресей клиникаларында біліктілік арттырады

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында осы жылы 23 дәрігер Израиль, Латвия және Ресей клиникаларында біліктілік арттырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, Өскеменде әлемдік стандарттарға сәйкес келетін бірегей гематология орталығы салынып жатыр. Онда диагностикадан оңалтуға дейінгі медициналық қызметтердің толық спектрі жүргізіледі.

«Бұдан бөлек, бүгінде Риддер қаласында 140 төсектік стационары бар және күніне 500 адамды қабылдайтын емхана құрылысы басталды. Ал Күршім ауданы Қалжыр ауылындағы дәрігерлік амбулатория толықтай салынып бітті. Дәрігерлердің біліктілігін арттыруға да баса мән берілуде. 2022 жылы облыстың 36 медицина қызметкері онкогематология, гематология, анестезиологиялық-реаниматология, кардиология, акушерлік және гинекология бойынша Израиль, Ресей және Германияның жетекші клиникаларында оқып келді. Биыл 23 дәрігер Израиль, Латвия және Ресейдегі медициналық мекемелерде біліктілік арттырады, - дейді басқарма басшысының орынбасары Айнаш Қапанова.

Оның айтуынша, ауыл тұрғындарына уақтылы скринингтік зерттеулер жүргізу мақсатында 7 жылжымалы медициналық кешен ұйымдастырылған. Өткен жылы 195 ауылда 45,7 мың адам тексерілді.

«Соңғы бір жылда облыс бойынша 305 медициналық жабдық сатып алынды. Оның ішінде 8 рентген аппараты, 2 флюорограф, 3 маммограф, оториноларингологиялық операцияларға арналған мобильді микроскоп, аудандық ауруханалар мен емханалардың перзентхана бөлімшелеріне арналған жабдықтар бар», - дейді А.Қапанова


Соңғы жаңалықтар