ШҚО-да биыл 11 адам суға батып кетті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 11 адам суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Жұмаділовтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі өңірлік комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиын барысында су айдындарында балалардың қауіпсіз демалысын ұйымдастыру мәселесі талқыға салынды.

ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбектің айтуынша, жаз басталар алдында өзен-көл жағалауында орналасқан балаларды сауықтыру лагерьлері тексеріліп, сүңгуірлер судың түбін тазалады. Облыс аумағында барлығы 35 қала сыртындағы лагерь орналасқан. Оның ішінде жағажай қасындағы 13 лагерь бар.

2022 жылы Шығыс Қазақстанда 185 374 оқушыны жазғы демалыспен және сауықтырумен қамту жоспарлануда. Жұмысқа 855 тәрбиеші, 881 тәлімгер, 1250 қосымша білім беру педагогы, 546 медицина қызметкері және колледж білім алушылары мен облыстың ЖОО студенттері қатарынан педагогикалық жасақтар тартылды. Жаз маусымында балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауда.

ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов өз баяндамасында өңірде құтқарушылар су айдындарындағы қауіпсіздік бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Жағажайларды патрульдеу үшін ТЖ қызметінің жеке құрамынан 5600-ден астам адам және 696 полиция қызметкері жұмылдырылды. Өкінішке қарай, бүгінгі күні су айдындарында бірнеше адам өлімі тіркелді. 2022 жылдың басынан бері 11 азамат, оның ішінде 2 бала суға батқан. Судағы адам өлімінің негізгі себебі – мас күйде шомылу, рұқсат етілмеген жерлерге бару, өз күшін дұрыс бағаламау», - деді ол.

Айта кетейік, облыстық мәслихаттың шешімімен Шығыс Қазақстанда 116 жағалауда шомылуға тыйым салынған.


Соңғы жаңалықтар