ШҚО-да бір күнде 5 өрт оқиғасы болды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бір күн ішінде 5 өрт оқиғасы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, кеше сағат 15.06-да Өскемендегі Целинная көшесінде орналасқан жер үйде от шыққан. Шатырды, есікті, жиһаз бен жеке заттарды шарпыған тілсіз жаудың жалпы аумағы – 40 шаршы метр. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер жалынды толықтай ауыздықтады. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына – пешті орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін.

«Дәл осындай оқиға Семейде Комбинатская көшесіндегі жеке тұрғын үйде болды. Қабырғаның ағаш құрылымдары мен шаруашылық қора-жайларды шарпыған өрттің аумағы 40 шаршы метрге жеткен», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сондай-ақ сол күні Бородулиха ауданындағы жер үйде өрт шықты. Құтқарушылар келіп жеткенде жалпы аумағы 28 шаршы метрді құраған тілсіз жау шатырдың ағаш құрылымдарын, жиһаздар мен жеке заттарға тараған.

«Семейде тұрақтағы «XCMG ZL 50» маркалы жүк тиегіш көлігі өртенді. От қозғалтқышты, артқы екі дөңгелекті шарпыған. Жалпы аумағы – 10 шаршы метр. Өрттің шығу себебі – қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқарудан болуы ықтимал», - делінген мәліметте.

Бұдан бөлек, Глубокое ауданы Опытное поле кентіндегі шаруа қожалықтарының бірінде өрт болды. Ферма шатырының ағаш құрылымдары жанған. Оқиға орнына 25 өрт сөндіруші мен 6 техника келіп, 80 шаршы метрге жайылған тілсіз жауды ауыздықтады.


Соңғы жаңалықтар