ШҚО-да бір күнде 1500-ден астам әкімшілік құқық бұзу фактісі анықталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полицейлері бір күн ішінде 1500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және ескерту мақсатында 23-30 қараша аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы өткізілуде.

Бір күн ішінде полиция қызметкерлері 20 қылмысты және осыған дейін жасалған 25 қылмыстық істі ашты.

«Шара барысында тәртіп сақшылары 1590 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде ұсақ бұзақылық жасаған – 181, алкогольді ішімдік ішіп алып қоғамдық орындарда жүрген – 291, мас күйде көлік тізгіндеген – 17 адам болды. Бұдан бөлек, тіркеуге алынғандар арасында белгіленген шектеулерді бұзудың 15, қорғау нұсқамасын аттаудың 18 фактісі анықталған», - деді департамент бастығы Сағат Мәдиев.

Полицейлер заңсыз сақталған 8 атыс қаруын тәркіледі. Мәселен, тексеру барысында 66 жастағы Көкпекті ауданы тұрғынының гаражынан 16-калибрлі тегіс ұңғылы мылтық табылған. Қазірде аталған факті бойынша баллистикалық сараптама тағайындалды.

Осы ретте, департамент өкілдері қандай да бір заңбұзушылыққа куә болған өңір тұрғындарын бірден «102» арнасына хабарлауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар