ШҚО-да бір айда пеш жаққанда қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан 16 өрт шықты

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қаңтар айында пеш жаққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 16 өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар 2023 жылдың бірінші айында болған өрттерге қатысты талдау жүргізді.

Соның нәтижесінде, пеш жаққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан - 16, электр жабдықтарын пайдаланған кездегі қауіпсіздік талаптарын бұзудан - 15, отты абайсыз пайдаланудан - 9 өрт шыққандығы анықталды.

«Соңғы өрттердің бірі Катонқарағай ауданының орталығындағы Амангелді көшесінде болған. Тұрғын үйдің ағаш шатыры, төбесі, едені, іштегі жиһаз бен жеке заттар жанды. Өрт сөндірушілер жалпы ауданы 60 шаршы метрге жайылған тілсіз жауды ауыздықтады. Белгілі болғандай, жалынның шығу себебі - пештегі ақау», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, құтқарушылар тұрғындарды барынша абай болуға, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар