ШҚО-да Белоусов кен байыту фабрикасы жұмысын тоқтатады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданындағы Белоусов кен байыту фабрикасы жұмысын тоқтатады. Бұл тауарлы ҚазАқпарат KAZ Minerals тобына сілтеме жасап хабарлайды.

«KAZ Minerals тобы 21 қарашадан бастап «Шығыстүстімет» ЖШС-не қарасты Белоусов кен байыту фабрикасының жұмысы тоқтайтыны туралы хабарлайды. Бизнес-процестерді оңтайландыру, шығындарды азайту және ресурстарды үнемдеу мақсатында фабриканың жұмысын тоқтатып, кәсіпорынды консервациялау туралы шешім қабылданды. Аталмыш фабрикада өңделген Ертіс шахтасының кені бұдан былай Николаев кен байыту фабрикасына жөнелтілетін болады. 2016 жылы Николаев фабрикасында ауқымды модернизация жүргізілді және кәсіпорынның қуаты қосымша шикізат көлемін өңдеуге мүмкіндік береді», - дейді кәсіпорынның корпоративтік байланыс жөніндегі департаментінің өңірлік менеджері Ермек Дүзкенев.

Оның айтуынша, Белоусовкадағы өндірістің жабылуы «Шығыстүстімет» ЖШС-нің өндірістік көрсеткіштеріне әсер етпейді.

Белоусовка кен байтыу фабрикасында 246 адам жұмыс істейді. Консервациялау жұмыстары кезеңінде кәсіпорында 26 адам жұмыс істейтін болады.

«Еңбек шарттарын бұзу кезінде заңнаманың барлық нормалары сақталып, ұжымның мүдделері барынша ескерілетін болады. Компанияның басқа кәсіпорындарында бос орындар болған жағдайда жұмыстан босатылатын қызметкерлерге олардың біліктілік деңгейі мен жұмыс тәжірибесіне сәйкес келетін жұмыс орындары ұсынылады», - дейді компания өкілі.

Белоусовка кен байыту фабрикасы Шығыс Қазақстандағы тарихы бай өндіріс ошақтарының бірі саналады. 1945 жылы іске қосылған кәсіпорын Ертіс шахтасының кенін өңдеп келді.

2019 жылдың алты айында мұнда 276 мың тонна кен өңделіп, 3,1 мың тонна концентратты мыс, 6 мың тонна коцентратты мырыш өндірілді. Фабрика өзінің рекордтық көрсеткішіне 1975 жылы қол жеткізіп, 807,7 мың тонна кен өңдеген болатын.

«Белоусов кен байыту фабрикасы біздің байырғы кәсіпорындарымыздың бірі. Өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастап жұмыс істеп келеді. Шикізат базасының біртіндеп азаюына және «Шығыстүстіметтің» байыту қуаттарын толық жүктеу қажеттілігіне байланысты біз Белоусов фабрикасының жұмысын тоқтатуға және Ертіс шахтасының кенін Николаев фарикасына жөнелтуге мәжбүрміз», - дейді «Шығыстүстімет» ЖШС-нің басқарма төрағасы Ильсур Дәуітов.


Соңғы жаңалықтар