ШҚО-да баукеспелер 4 млн теңгенің малын ұрлап кеткен

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында мал ұрлығымен айналысқан екі жігіт ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 және 22 жастағы ер адамдар 2017-2020 жылдар аралығында жайылымдағы малды ұрлап келген.

«Тергеу барысында анықталғандай, екеуі 15 бас ұсақ мал мен 2 жылқыны айдап әкеткен. Осының салдарынан мал иелеріне 4 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оларды қолға түсірген», - дейді департамент бастығы Сағат Мәдиев.

Бүгінде аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 11 қаңтардан бастап мал ұрлығына қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейтілген болатын.


Соңғы жаңалықтар