ШҚО-да балық аулау ережесін бұзған 98 адам жауапқа тартылды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында балық аулау ережесін бұзған 98 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Зайсан-Ертіс» облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша көктемгі уылдырық шашу кезеңінде заңсыз балық аулауға жол бермес үшін рейдтер жүргізіліп жатыр.

«Сәуір айының ортасынан бастап осы уақытқа дейін балық аулау ережесін бұзған 98 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Құқық бұзушылардан 7 қайық, 49 дана аулау құралы мен 707 416 келі балық тәркіленді», - дейді инспекция басшысының міндетін атқарушы Талғат Рахымжанов.

Оның айтуынша, Шығыс Қазақстанда балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес 9 774 тонна тауарлы балық өсіру жоспарланған. Осы жылы аймақ бойынша тауарлы балық өсіру 2 846 тоннаға жетеді деп жоспарланып отыр.

Бұл мақсатта облыста 4 жоба іске асырылады. Мәселен, «Гранд Фиш» ЖШС Өскемен су қоймасының Таловский балық қорын алу үшін инкубациялық цех салды. Жалпы сомасы 186 млн теңге инвестицияланған.


Соңғы жаңалықтар