ШҚО-да балаларға технология тілін үйрететін IT-hab ашылады

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында балаларға технология тілін үйрететін IT-hab ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігі, «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі және Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ бірлесіп, Өскеменде IT-hab ашуды көздеп отыр. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін бүгін «Startup academy» технологиялық кәсіпкерлік курсын іске қосу туралы келісімге қол қойылды.

«Президенттің 100 мың IT маман даярлау туралы тапсырма бергені белгілі. Жас шығысқазақстандықтар енді алысқа бармай-ақ IT-бизнес негіздерін үйрене алады. Бұл біздің облыстың IT-саласын дамыту үшін болашағы зор бастама болмақ. Осының нәтижесінде балалар технология тілін үйреніп, білімдерін одан сайын дамытуға жақсы мүмкіндік жасалады», - дейді университет ректоры Сәуле Рахметуллина.

«Astana Hub» технопаркі басқарушы директоры Алина Абдрахманованың айтуынша, курстың басты мақсаты – балаларға алғашқы идеядан стартапқа қалай жетуге болатынын көрсету.

«Жұртшылыққа IT бағыттарын таныстыру, технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, білім беру бағдарламаларын, бизнес-инкубациялық бағдарламаларды ілгерілету – осы курстың арқасында мүмкін болады. Сондай-ақ бұл салаға инвестициялар тарту тұрғысынан республикалық қана емес, халықаралық деңгейге шығу үшін де қажет», - дейді ол.


Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар