ШҚО-да азық-түлікке тапсырыс қабылдайтын сall-орталықтардың жұмысы қайта жанданды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында азық-түлікке тапсырыс қабылдайтын сall-орталықтардың жұмысы қайта жанданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жазды.

«Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасының, Өскемендегі облыстық және №4 қалалық ауруханаларының жоғары санатты дәрігерлерін, атап айтқанда, пульмонологтарды, инфекционистер, реаниматологтарды Зайсан, Алтай аудандары мен Риддер қаласына практикалық және консультативті көмек көрсету үшін жіберу туралы тапсырма бердім. Себебі аталған аудандарда COVID-19 вирусы мен пневмонияның кең таралуда. Арнайы топ орталық ауруханалардағы стационарлардың, оның ішінде инфекциялық және провизорлық төсек орындардың, сонымен қатар емханаларының жұмысын толық зерделеуде», - деді ол.

Облыс әкімінің айтуынша, жүргізілген тексеру нәтижесінде аумаққа бөлу талаптары мен емдеу хаттамасын сақтау бойынша бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Алдағы уақытта бұл ауруханалар осы аудандарға жетекшілік етпек.

«Сондай-ақ 6 қарашадан бастап азық-түлікке тапсырыс қабылдайтын call-орталықтардың жұмысы қайта жанданды. Бұл жұмысқа қолдау көрсетіп, тегін жеткізу қызметін ұсынған еріктілерге алғысымды білдіремін. Қазіргі уақытта облыс аумағында COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқаспен байланыста болған адамдар тарапынан карантин талаптарының сақталуына белсенді тексеру жүргізілуде. Бұл жұмысқа учаскелік полицейлер жұмылдырылды. Осы ретте, өңір тұрғындарынан жауапкершілік танытып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды сұраймын», - деді Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар