ШҚО-да азық-түлік сапасын тексеру барысында бірқатар заңсыздық анықталды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында азық-түлік сапасына жүргізілген тексеру кезінде түрлі тауарлардан алынған сынаманың 23,4%-ы талапқа сәйкес келмейтіні анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылғы сауда нысандарында жүргізілген өнім қауіпсіздігі мониторингінің қорытындысы шығарылды.

Жалпы жыл көлемінде 3900 өнімге, оның ішінде 2409 тамақ өніміне және 1491 халық тұтынатын тауарға сынама алынып, зерттеу жүргізілді.

«Өнімдердің 52,7%-ы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде, 26,1%-ы алыс және жақын шет елдерде, 21,2%-ы Қазақстанда жасалған. Тексеру қорытындысына сәйкес, 914 тауар сынамасы (23,4%) Кеден одағының міндетті техникалық регламенттерінде көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Сәйкес емес деп танылғандардың басым көпшілігі, яғни 90,7%-ы импорттық өнімдер. Қалған 9,3%-ы отандық өндіріске тиесілі», - делінген ақпаратта.

Сәйкессіздіктер санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын өнімнің әрбір тобында бар.

Негізінен бұл өнімді таңбалауға қатысты болып отыр.

«885 сынамада сақтау шарттары, өндірушінің атауы мен мекенжайы, шығарылған күні, жарамдылық мерзімі сынды ақпараттар көрсетілмеген. Сондай-ақ қолдану кезінде халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнімдер анықталды. Мониторинг барысында 36 сынама органолептикалық, физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкес келмейтін болып шықты. Оның ішінде фортификацияланған ұнның 8 сынамасында темір мен мырыштың құрамы төмен», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар