ШҚО-да азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қандай шаралар атқарылуда

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Мустафиннің айтуынша, бүгінде өңір бойынша 1 597 көтерме сатушылармен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен және сауда объектілерімен ең аз 7% сауда үстемесін қолдану туралы меморандумдар жасалды.

«Былтыр әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруға облыстық бюджеттен 1,404 млрд теңге бөлінді. Картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, ұн, күріш, қант, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, жұмыртқа бағасын тұрақтандыру үшін кәсіпкерлерге жеңілдікпен қарыз берілді. Қазіргі уақытта «айналым схемасы» шеңберінде 4595 тонна өнім бар. Оның ішінде: қант - 82 тонна, ұн – 1358 тонна, күріш - 97 тонна, қарақұмық жармасы - 1237 тонна, күнбағыс майы – 1669 тонна және жеміс-көкөніс өнімдері - 8455 тонна», - деді ол.

Бүгінгі таңда «Агрофирма Приречное» ЖШС Өскемен және Семей қалаларының тұрақтандыру қоры павильондарына жеміс-көкөніс өнімдерін төмендетілген бағалар бойынша өткізуде. «Ертіс» ӘКК сауда орындарында картоп, қырыққабат және сәбіз келісіне 82 теңгеге сатылады.

«Картоп 15 мамырға дейін, пияз бен сәбіз 1 мамырға дейін, қырыққабат 1 сәуірге дейін осы бағамен сатылады. Сондай-ақ «Semey Qus» ЖШС, «Крупнофф» ЖШС-мен жасалған шарттарға сәйкес, 1 санаттағы 10 жұмыртқа сауда нүктелерінде 330 теңгеден сатылып жатыр. 1 сұрыпты бидай наны бағасын тұрақтандыру мақсатында Өскемен қаласының әкімдігі «Eco-Agro» ЖШС, «Хлебозавод Каравай» ЖШС және «Восток Элит» ЖШС наубайханаларымен сауда объектілеріне ең төменгі құн бойынша сатуға қатысты уағдаластық жасасты. Сатудың соңғы бағасы бір бөлке үшін 95 теңгені құрайды», - деді Ернар Мустафин.


Соңғы жаңалықтар