ШҚО-да аяздан 40-тан астам жүк көлігі жолдарынан бөгеліп тұр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері аязды күндері тасжолдарды патрульдеп, қиын жағдайға тап болғандарға көмек көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жүк көліктерінің кейбір жүргізушілері ауа температурасы күрт төмендеп кетуіне байланысты жолға шығудан бас тартуда. Қазірде Семейден Қалбатау ауылына қарай шыға берісте 10 жүк көлігі, ал Бородулиха ауылы бағытында 5 жүк көлігі тоқтап тұр.

Сондай-ақ Аягөз ауданындағы жол бойында орналасқан дәмханада 11 жүк көлігі аяздың аяқталуын күтуде.

«Алматы-Өскемен» тасжолындағы дәмханада 5 және Қалбатау ауылында 5 жүк көлігі тұр.

Жалпы 40-тан астам көлік құралы күннің жылынуын тосуда. Полиция қызметкерлері жүргізушілерге қажетті барлық көмекті көрсетуде.

«3 қаңтардан бастап техникалық ақауға байланысты «Өскемен-Семей» тасжолында екі жүк көлігі тоқтап тұр. Көліктер жолды бөгемеген. Жүргізушілер көліктерді жөндеуге қажетті бөлшектерді сол жерде күтетіндіктерін айтты. Аталған учаскеде патрульдік полицейлер кезекшілік етуде», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.


Соңғы жаңалықтар