ШҚО-да ауыл тұрғындары шетелдік туристерді қабылдап, ақша таба алады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Берел ауылында туризмді дамыту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде ауылдық туризмді британдық модель бойынша дамыту көзделген. Бұл модельде туристер қонақүйде емес, жергілікті жұрттың үйлерінде тұрып халықтың тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрпымен танысады. Мұндай демалыстың негізгі талаптары - ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейінің шынайылығы.

«Катонқарағай ауданы ауылдық туризмді дамыту үшін өте қолайлы. Қазір осында 23 демалыс орны жұмыс істейді. Оның ішінде 12 бірегей пантымен емдеу орындары, бес мейманхана, алты қонақ үй бар. Берел ауылында 533 адам немесе 141 отбасы тұрады. Оның 336-сы экономикалық белсенді халық», - деді басқарма басшысы Марат Қабақов.

Бүгінде 27 отбасы туристерді қабылдауға дайын екендіктерін жеткізген. Олар «Бизнес Бастау» жобасына қатысып, кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Қазір «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша грант алу үшін конкурсқа қатысуда.

«Жоба ойдағыдай іске асса туроператорлар келесі жылы туристердің алғашқы легін Берел ауылына бағыттайды. 15 қонақ үй бір маусымда немесе төрт айда кем дегенде 700-ге жуық адамды қабылдай алады. Әр отбасы айына орта есеппен 540 мың теңге таппақ. Ал қазір ауылдағы орташа жалақы 98 мың теңге», - деді Марат Қабақов.


Соңғы жаңалықтар