ШҚО-да ауыл халқын орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 90%-дан асты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында халықты орталықтандырылған сумен қамту үшін 63 жоба жүзеге асырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға қарай халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету тапсырмасын орындау аясында өңірде өткен жылы жалпы құны 55,2 млрд теңге болатын 63 жоба іске асырылған.

«Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің 40 нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 36 нысан ауылды жерлерде орналасқан. Сондай-ақ тұрғындар саны аз 52 елді мекенде 460 млн теңгеге блокты-модульді станциялар құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде, ауыл халқын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көрсеткіші жыл соңына дейін 83,2-ден 91,8 пайызға өсті», - делінген ақпаратта.

Бүгінгі таңда жалпы облыс бойынша халықтың ауызсумен қамтамасыз етілу көрсеткіші – 96,4 пайызды құрап отыр.


Соңғы жаңалықтар