ШҚО-да аудан орталықтарын дамытуға ден қойылмақ
2021 жылғы 28 қаңтар 14:43

ШҚО-да аудан орталықтарын дамытуға ден қойылмақ

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында аудан орталықтарын дамыту үшін арнайы бағдарлама әзірленеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс әкімдігінің отырысында Шығыс Қазақстанның аудан орталықтарын дамытуға ерекше ден қойылу қажеттігін айтты.

«Әр аудан орталығы үшін жеке жоспар дайындалуы тиіс. Бірақ бұл ретте бассейн мен аурухана салып, бағдарламаның сәтті жүзеге асырылып жатқандығы туралы есеп беріп отырудың қажеті жоқ. Ең бастысы, аудан орталықтары мен іргелес елді мекендер тұрғындарының пікірін тыңдап, халыққа нақты не қажет екендігін анықтаған жөн», - деді ол.

Бүгінде тоғыз аудан орталығының бесеуі шекаралық аудандарды дамыту бағдарламасына енген. Ал қалғандары үшін нақты жоспар жасалмақ.

«Осының нәтижесінде орталықтар ғана емес, жалпы аудандардың нығаятындығы анық. Өйткені кешенді жоспарларды жүзеге асыру халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталады», - деді Даниал Ахметов.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT