ШҚО-да әскери бөлімдер аумағында орналасқан кәсіпкерлер құқығы 62 рет бұзылған

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында әскери бөлімдер аумағында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқығын бұзудың 62 фактісі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әскери прокуратурасы өңірлік кәсіпкерлер палатасында әскери бөлімдер аумағында қызмет ететін кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Жиын барысында бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау мақсатында қандай шаралар атқарылып жатқаны айтылды.

«Біздің жұмыстағы негізгі бағыт – кәсіпкерлер құқықтарының бұзылуына жол бермеу. Ол үшін арнайы мобильді топ құрылып, түскен өтініштерді барынша жылдам қарап, тиісті шараларды қабылдауда. Мәселен, Ұлттық ұланның мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шарттары бойынша заңсыз айыпақы өндіру фактісі тіркелген», - дейді Өскемен гарнизонының әскери прокуроры Есжан Сыбанбаев

Оның айтуынша, барлығы жыл басынан кәсіпкерлер құқығын бұзудың 62 фактісі анықталып, шаралар қабылданды.

Кездесуге қатысқан кәсіпкерлер әскери бөлімдер аумағына өнім жеткізуде және ас мәзірін үйлестіруде ешқандай кедергілер жоқтығын айтты.

Айта кетейік, құқығы бұзылған өңір кәсіпкерлері ШҚО әскери прокуратурасына 8(7232) 614-072 және 8-701-686-21-71 нөмірлері арқылы хабарласып, шағымдана алады.


Соңғы жаңалықтар