ШҚО-да әрбір бесінші азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған
2021 жылғы 29 қаңтар 14:50

ШҚО-да әрбір бесінші азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының 1,1 млн тұрғыны МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Алайда 250 мың адам әлі де медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ ШҚО бойынша филиал директоры Ғалымжан Әбілов мәлімдеді.

«Шығыс Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің бірінші жылы қорытындыланды. Қордың 2020 жылға арналған нақтыланған бюджеті 128 млрд теңгеден асқан. Бұл қаражатқа тәулік бойы стационарда 167 мыңға жуық пациент емделді, оның ішінде 315 науқасқа жоғары технологиялық қызмет көрсетілді», - деді ол.

МӘМС жүйесін енгізудің нәтижесінде бұрын ақылы болған бірқатар қызметтер тегін әрі қолжетімді бола түсті. Қалпына келтіру емі, медициналық оңалту қызметтері және қымбат консультациялық-диагностикалық қызметтердің көрсетілу көрсеткіші өсті. Нақты айтқанда, КТ 2019 жылы – 6640, 2020 жылы – 10 552 қызмет (58,9%-ға өскен), МРТ 2019 жылы – 4080, былтыр – 6843 (67,8%-ға өскен). Сондай-ақ 2020 жылы жоғары технологиялық медициналық көмекті 315 пациент алды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 59%-ға артық.

«Кардиологиялық, травматологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық және урологиялық сынды 5 бағыт бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек қызметтері де өсіп отыр. Яғни аритмияға арналған электронды блокты имплантациялау, жүрек және тамыр оталары, ми тамырларына ота жасау, каротид артерияларын стенттеу, уретральды стеноз оталары, жамбас, тізе ревизиясы және ЭКҰ сияқты күрделі оталар сақтандырылған азаматтар үшін ақысыз қолжетімді болды. Сонымен қатар өткен жылы Қор филиалы жоспарланған медициналық көмек көлеміне өтінім берген 104 медициналық ұйыммен шарт жасады. Оның ішінде - 42 жекеменшік, 62-мемлекеттік», - деді Ғалымжан Әбілов.

Азаматтарға ыңғайлы болу «Qoldau» 247 мобильді қосымшасы іске қосылған.

Оның көмегімен әрбір адам кеңес алуға, мәртебесін тексеруге, шағым түсіруге және уақытша сақтандыру мәртебесін алуға өтініш білдіре алады.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT