ШҚО-да Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына орай ретро-фестиваль өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 8 наурыз - Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр актрисасы Әмина Өмірзақованың туған күні. Есімі ел есінде жатталған сахна саңлағының туғанына 100 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, Қазақстанның халық әртісі Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетіні жайлы осы жылдың басында хабарланған болатын.
«13 наурыз күні Шығыс Қазақстан облыстық Пушкин атындағы кітапханада Әмина Өмірзақованың мерейтойына орай «Әлемі әдемі Әмина» атты ретро-фестиваль басталады. Фестиваль бағдарламасында өнер колледжінің музыка аспаптар ансамблінің ретро - әуендерден поппури орындауы, сервис колледжінің студенттері алпысыншы жылдардағы ретро костюмдерден дефиле көрсетілім өткізеді. «Әлемі әдемі Әмина» атты кітап көрмесі фестивальдың қатысушыларына ұсынылады. Көрменің виртуалды нұсқасымен кітапхана сайтында танысуға болады. Көрмеде актриса туралы өнер сыншыларының, әріптестерінің естеліктері, өмірі мен өнердегі өнегелі жолының айшықты суреттері қойылады», - деп хабарлайды облыстық Пушкин атындағы кітапхананың баспасөз қызметінен.
Әмина Өмірзақованың өнердегі жолы туралы кинофильмдерден бейнеролик көрсетіліп, викториналық сұрақтар ретро-фестиваль барысында ойналады.
«Сағат 15.00-де Әмина Өмірзақованы еске алу кеші басталады. Кеште Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов өз естелігімен бөліссе, өнердегі әріптесі халық әртісі Роза Әшірбекова театр мұражайындағы Әмина апаға қатысты жәдігерлер жайында бейне жолдау арқылы сыр шертпек. «Тамшы» шығармашылық жастар ұйымы сахнада Әмина апамыздың сомдаған рольдеріне пародия көрсетеді деп күтілуде. Облыстық драма театрының әртісі Гүлбақыт Бақтыбаева «Ана-Жер Ана» атты фильмінен Әмина апамыздың монологын оқып, «Шабыт» жастар театрының әртістері «Тақиялы періште» киносынан үзінді көрсету жоспарлануда», - делінген хабарламада.
Басқосуға студенттер мен мәдениет қызметкерлері, ұстаздар мен мектеп оқушылары, өнерсүйер қауымт шақырылып отыр. Кешке келген оқырман театр мен кино әлеміне саяхат жасап, ретро-әндерді тыңдай алады.
Еске сала кетсек, таяуда Алматыда Әмина Өмірзақова түскен фильмдер көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар