ШҚО-да Алакөлдің курорттық әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың Үржар ауданына жұмыс сапарында кәсіпкерлер мен мүдделі мемлекеттік органдар Алакөлдің курорттық әлеуетін дамыту мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетсек, Алакөл жағасын абаттандыру жұмысы 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бұл уақытта демалыс аймағы айтарлықтай кеңейді. Қазіргі уақытта 333 кәсіпкерлік нысан туристерге қызмет көрсетеді, оның ішінде 175 демалыс үйі, 2 қонақ үй, 29 дүкен мен 56 дүңгіршек, 10 дәмхана, 4 бар, екі мейрамхана, 8 асхана және аспаздық, екі дәріхана мен аквапарк бар.

Өңір басшысының айтуынша, келесі жылы демалыс жайлылығын арттыру үшін бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Даниал Ахметов шағын және орта бизнес өкілдерінің өз міндеттерін атқарып, салықтан жалтармау қажеттігін баса айтты.

ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ержан Ктанов шілденің алғашқы 11 күнінде 38 кәсіпкерді «көлеңкеден» шығарғанын айтты. 11 демалыс аймағы есепке қойылды.

«2018 жылы аудан бюджетіне кәсіпкерлік субъектілерінен 67,5 млн теңге салық түскен. Биыл салық түсімінің көлемі 100 млн теңгеге жетеді деп күтілуде. Алайда, әлі күнге дейін өз табысы туралы жалған ақпарат беріп, салық төлеуден жалтаратын демалыс орындарының иелері бар. Біз тексеру жүргізіп, онлайн бақылау-касса машиналарының орнатылғанын тексереміз», - деді Ержан Ктанов.

Алакөл көлінің жағасын абаттандыру мәселесі бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин атап өткендей, алдағы уақытта 30 млрд теңге болатын жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Сондай-ақ, жобаның аясында көлдің екі шақырым жағалауын нығайту жоспарланып отыр. Бұл жоба «Ақтау теңіз порты» құрылысының тәжірибесіне сәйкес жүзеге асырылады. Одан бөлек, сумен жабдықтау желілері мен су жинау қондырғыларын, сондай-ақ кәріз желілерін, сарқынды суларды тазарту қондырғыларын және сүзгілеу алаңдарын салу көзделген. Жобалардың жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамаға жіберілген.

Электр энергиясымен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін Мақаншы ауылынан Көкталға дейін қуаты 110 кВТ болатын электр желісі тұрғызылады.

Үржар ауылында әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталды. Жоба арқылы екі бағыт бойынша ұшақ қондыру, жолақ ұзындығын 2100 метрге дейін және енін 45 метрге дейін ұлғайтуға, жоғары қарқынды шамдарға арналған жарықтандыру құралдарын орнату, сағатына 70 жолаушыға қызмет көрсететін жаңа терминалдың құрылысы және қолданыстағы терминалдың әкімшілік ғимаратын қайта жаңарту көзделген. Осыдан кейін әуежай 70-80 орынға дейінгі шағын ұшақтарды қабылдай алады.

«Екі жылда жағалауды дамытуға өте көп қаражат бөлінді. Алдағы төрт жылда отандық туристер ғана емес, шетелдіктер де келуі үшін жұмыс істейміз. Жақында емдік суды құбырмен тартатын аустриялық тәжірибені зерттейміз және жыл бойы жұмыс істейтін емдік-сауықтыру кешенін саламыз», - деді өңір басшысы Даниал Ахметов.

Қазіргі уақытта Өскемен – Қалбатау ауылы – Семей – Аягөз жолы шығыстағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Алдағы екі жылда жол жөндеу жұмыстары аяқталады. Қабанбай ауылынан Алакөлге дейін 2,6 шақырым велосипед жолы салынады. Сонымен бірге, демалыс нысандарында өртке қарсы қауіпсіздік ережелері мен санитарлық талаптардың сақталуына баса мән беріледі.

Соңғы жаңалықтар