ШҚО-да ақын Тұрсынхан Әбдірахмановаға ескерткіш қойылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысындағы Жарма ауданының орталығында белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы, халық жазушысы Тұрсынхан Әбдірахмановаға еңселі ескерткіш ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шара Жарма өңірінің 90 жылдық мерейтойымен ұштастырылып отыр. Жиылған қалың көпшіліктің алдында ел ағалары жалпы биікті 6 метрге жуық ескерткіштің ақ жабуын түсірді.

Салтанатты жиынды ашқан жазушы Сәбит Досанов үш бірдей саланың майталманы атанған Тұрсынхан Әбдірахманованы ұлықтаған жармалықтарға алғыс білдірді.

«Әдебиеттегі жазушылар қауымы атынан осындай үлкен жұмыс жасауды ерлікпен пара-пар қадам деп бағалаймын. Өз мәдениетін көтерген ел қашанда көп жасайтындығы тарихтан белгілі. Ал мәңгілік елді мұрат етіп, рухани жаңғыруымызды жаңғыртуда осындай шаралардың орны ерекше. Сол себепті Тұрсынхан Әбдірахманованы ұлықтау ісінің туған өлкесінде бастау алып отырғандығы көңіл қуантарлық іс»,- деді қоғам қайраткері.

Жарма ауданының бірінші әкімі Төлеуберді Әубәкір, Жарма өңірі төл перзентін ұлықтап, есімін қайта жаңғыртқан игілігі мен ізгілігі мол іс екендігін алға тартты.

«Тарихқа, мәдениетке және спортқа ерекше мән беру - зиялылықтың алғы шарты. Нұрлан Бәтташұлы елге Зере әжемізді жеткізіп, Құнанбайдай аға сұлтан, қажыны нағашыларымен қауыштырды. Халық жазушысы, ел аузында «Махабаттың жыршысы» атанған Әзілхан Нұршайықов, айтыстың Құлагері атанған Қалихан Алтынбаевқа арналып ескерткіш орнатылып, халқымен қауышты. Ғалым, әнші, ақиық ақын Тұрсынхан Әбдірахманова апамыздың өмірден өткеніне 15 жыл болыпты», - деді Төлеуберді Әубәкір.

Салтанатты шарада абайлық ақын Төлеген Жанғалиев ертеден төсекте басы, төскейде малы қатар табылған қарт Шыңғыстау мен Қалбатаудың қашанда қуанышы ортақ екендігін тілге тиек етіп, өшкенін жаңғыртқан өңір халқына деген арнауы тарту етті.
null 

Тұрсынхан Әбдірахманқызының туыстары атынан сөз алған білім беру саласының ардагері Мәдениет Мәженова жерлестеріне деген құрметін жеткізді.

Өлеңді серік еткен жас өрендерде ақын апаларына арнаған арнауларын арнап, Тұрсынхан Әбдірахманқызының шығармаларын оқыды.

Мерейлі мерекенің арқауы болған ізгілікті шара Мәдениет үйінде жалғасып, мұнда «Өркенді өлке, мерейлі мекен» атты Жарма ауданының 90 жылдығына және ақын, ғалым, Қазақстанның халық жазушысы Тұрсынхан Әбдірахманованың әдеби мұрасында арналған республикалық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты. Мұнда  зиялы қауым өкілдері келелі, ғылыми  ой қозғады.

Мәдени шара ұлттық ойындарға ұласып, мерекелік концертпен өз жалғасын тапты.

Соңғы жаңалықтар