ШҚО-да 99 нәрестеге «Сүйінші» сыйқорабы тарту етілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 99 нәрестеге «Сүйінші» сыйқорабы тарту етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ШҚО филиалының мәліметіне сүйенсек, 16-17 желтоқсан күндері жарық дүние есігін ашқан 99 нәрестеге Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай baby-бокстар сыйға тартылды.

Онда бөбектерге қажетті заттардан басқа, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы мен баланың тууы туралы куәлігі салынған.

«Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!», - деп жазылған Президенттің құттықтауында.

Нәрестелердің туу туралы куәліктеріне өтінімдерді «Азаматтарға арналған үкімет» МК қызметкерлері қабылдап, АХАЖ органдарына жолдаған.

«Тәуелсіздік күні туған сәбилердің ата-аналары мерекенің 30 жылдығына орай «Сүйінші» сыйқораптарын алды. Өңір бойынша мереке күндері 99 бала дүниеге келді. АХАТ қызметкерлеріне туу туралы куәліктерін ресімдегені, Қазпошта қызметкерлеріне сыйқораптарды жеткізгені және барлық медицина қызметкерлеріне қажырлы еңбектері үшін алғыс айтқым келеді, - деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК ШҚО филиалының директоры Азамат Есембулов.

16 желтоқсанда облыста дүниеге келген алғашқы баланың есімі - Әміре.

«Біздің үшінші баламыз 16 желтоқсанға қараған түні жарық дүние есігін ашты. Ұйымдастырушыларға көңіл бөліп, құттықтағандары үшін үлкен рахмет», - деп сәбидің анасы Ақерке Болатова алғыс білдірді.


Соңғы жаңалықтар