ШҚО-да 600-ге жуық мемқызметші тұрғын үй кезегінде заңсыз тұрған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы коммуналдық қордан берілетін пәтерлердің кезегінде заңсыз тұрған 600 адамды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір прокуратурасының мәліметінше, бүгінде облыста баспана кезегінде 19 605 адам тұр. Баспанаға мұқтаж тұлғаларды тексеру кезінде мемлекеттік және бюджеттік саланың 600-ге жуық қызметшісі тұрғын үй кезегінде заңсыз есепте тұрғаны анықталған.

«Атап айтқанда, олардың 6-уының тұрақты тұруға басқа елдерге көшіп кеткені, 164-інің тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі болмағаны, 107-сінің меншігінде жеке үйлері болғаны, 283 тұлға басқа облыстарда тұрып жатқаны анықталды. Мысалы, прокуратура қызметкерлері үй кезегінде тұрған 1 мемлекеттік қызметші үш жылдан астам елордада тұратынын және мемлекеттік қызметте емес, ЖШС-да жұмыс істейтінін анықтады. Осыған қарамастан, ол әлі күнге дейін Өскеменде пәтер кезегінде тұрған», - деп хабарлады ШҚО прокуратурасынан.

Аталмыш мән-жайлар қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес, осы тұлғаларды тізімнен алып тастауға құқық береді. Сондықтан, облыс прокуратурасы заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді. Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапқа тартылды.

«Қазіргі кезде облыста «Мүгедек балалары бар отбасылар» санатында 761 жанұя есепте тұр. Оның 47-сінде балалар кәмелеттік жасқа толған. Заңнама нормаларының жоқтығына байланысты осындай отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкін емес. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 18 жасқа толған тұлғалар қайталап есепке тұруы тиіс», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар