ШҚО-да 6 жасар бала каналға батып кетті

None
None
  ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда демалушылардың суға кету оқиғасы тыйылмай тұр. Өткен бір тәуліктің ішінде тағы бір жасөспірім мен кішкентай бала тілсіз жаудың құрбанына айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, қайғылы оқиғаның бірі Бұқтырма су қоймасының  жағасындағы саяжайлардың бірінде болған. Теміртау қаласының 16 жастағы тұрғыны, балалар үйінің тәрбиеленушісі екені анықталған. Теміртаулық топ аталмыш саяжайдан сәл алыста, демалыс базасына тоқтаған. Марқұм өз тобынан бөлініп шығып, жалғыз шомылып жүрген. Оның суға батып бара жатқанын бейтаныс адамдар көріп, құтқарушыларға хабар берген.

«Жасөспірімнің денесі 40 минут өткен соң барып 6 метр тереңдіктен табылды. Ол өзгелерден бөлініп, жабдықталмаған аумақта суға түскен» - дейді Шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағы №8 бөлімшесінің басшысы Марат Смағұлов.

Екінші қайғылы оқиға Күршім ауданының орталығында тіркелді. Бір топ бала ересектердің бақылауынан тыс  егін суаратын каналдың бойында суға шомылып жүрген. Олардың қимылын көпірден қызықтап отырған 6 жастағы бала абайсызда суға құлаған. Өзінен бір жас үлкен ағасы оны ұстап қалмақ болғанымен, шамасы жетпеген. Қайғылы оқиға туралы хабар құтқарушыларға тек 1 сағаттан кейін жеткен.

«Каналдың тереңдігі кей жерінде 2 метрден асады. Балалар ересектердің бақылауынсыз жүргенімен қоймай, арнайы кеудеше мен үрленген құралдар кимеген» - дейді №9 құтқару жасағының басшысы Талғат Нұржанов. Баланың денесі бүгін таңертең  қамыс арасынан табылды.

Соңғы жаңалықтар