ШҚО-да 49 адам отырған автобус жолда қалды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 49 адам отырған автобус жолда қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полицейлерге республикалық маңызы бар «Алматы-Өскемен» тасжолының 85 шақырымындағы Жарма ауданы Сұлусары ауылының маңында автобустың бұзылып қалғаны жайлы хабар түсті. Тәртіп сақшылары Медет Дәулетханұлы мен Эльдар Бектімбаев сол жерге шұғыл келіп жеткен.

54 жастағы жүргізуші өз сөзінде Өскеменнен «Алтай қаласы-Ақтоғай кенті» бағыты бойынша жолға шыққанын жеткізді. Кенет түнгі уақытта көліктің электр бөлігінде гидравликалық жүйеден ақау шығып, есіктері жабылмай қалған. Соның салдарынан жолаушылар тоңа бастады. Жүргізуші ақауды өз бетінше жөндеуге тырысқан.

«Салонда 49 жолаушы болды. Олардың барлығы Ақтоғай кентіндегі кен байыту фабрикасына жұмысқа бара жатқан. ТЖД қызметкерлері келгенге дейін полицейлер жүргізушіге автокөлікті жөндеуге көмек көрсетті. Осы уақытта жолаушылардың бірінің денсаулығы күрт нашарлап кеткен. 38 жастағы ер адамда эпилепсия белгілері байқалды. Полиция қызметкерлері дереу жедел жәрдем шақырып, ер адамның жағдайын бақылап отырды», - делінген ақпаратта.

Құтқарушылар келген соң барлық жолаушылар Қалбатау ауылына жеткізіліп, Жарма ауданындағы спорт кешеніне орналастырылды.

Жүргізуші автобустың есіктерін ішінен бекітіп, ең төменгі жылдамдықпен Қалбатауға жетті. Кейін техникалық ақау жөнделді.


Соңғы жаңалықтар