ШҚО-да 400-ге жуық фашистің көзін жойған майдангерді еске алу шарасы өтті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында 397 немісті өлтірген сұрмерген Төлеуғали Әбдібековті еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төлеуғали Әбдібеков 1916 жылы Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында дүниеге келген. Бала күнінен әкесімен бірге аңға шығып, оқты дәл тигізудің қыр-сырын әбден меңгерген ол соғыс басталғанда әскер қатарына қосылды. Қанды майданда ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, 397 немістің көзін жойған. Сұрмерген өз батальонындағы жауынгерлерді де мергендікке үйреткен.

«Жеңістің 77 жылдығы қарсаңында Төлеуғали Әбдібековті қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері бір минуттық үнсіздікпен еске алып, жас қызметкерлерге батырдың ерлігі туралы баяндалды. Жастарымыз сұрапыл соғыста Отан үшін шайқастан батырларын білуі қажет. Бүгінде Жарма ауданында мергеннің ескерткіші бар. Сондай-ақ оның №2916 нөмірлі снайпер винтовкасы Алматыдағы мемлекеттік музейде сақтаулы тұр», - деді департамент бастығының орынбасары, әділет полковнигі Ғалымжан Балтабаев.

Сондай-ақ мерекеге орай Өскемен қаласындағы түзету мекемесінің қызметкерлері соғыста қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, монументке гүл шоқтарын қойды. Мекеме қызметкерлері күннен күнге саны азайып келе жатқан соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып құттықтап, сыйлықтар берді.


Соңғы жаңалықтар