ШҚО-да 4 мыңға жуық түлек мектеп бітіреді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында осы жылы 4 мыңға жуық түлек мектеп бітіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биылғы оқу жылында өңір мектептерінде 96 383 бала білім алды. Оның ішінде 3810 оқушы мектеп бітіреді. Ал 9-сыныпты тәмамдағандар саны – 8800-ге жуық.

«Облыс бойынша 281 оқушы «Алтын белгіге», 378-і «Үздік аттестатқа» үміткер. Мектептердегі 9 және 11 сыныптарға арналған мемлекеттік емтихандар 2-19 маусым аралығында дәстүрлі форматта өтеді. Қазіргі уақытта емтихан тапсырмалары әзірленуде. «Алтын белгіге» үміткерлер құжаттарының талаптарға сәйкестігі арнайы комиссиямен тексерілді. Денсаулық жағдайы және басқа да себептер бойынша емтихандардан босатылған оқушылардың тізімі де дайындалуда», - дейді басқарманың мектепке дейінгі жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Бұлбұл Қозыбаева.

Шығыс Қазақстан облысында мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде 203 балабақша мен 190 шағын орталық жұмыс істеуде. Жаз кезінде онда кезекші топтар ұйымдастырылады.

Нақты айтқанда, маусым айында 169 балабақшада 17 829 балаға 677 топ, шілдеде 122 балабақшада 12 944 балаға 477 топ, тамызда 114 балабақшада 12 321 балаға 466 топ жұмыс істемек.


Соңғы жаңалықтар