ШҚО-да 4 күн бұрын жоғалған оқушы табылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында із-түзсіз жоғалып кеткен 15 жастағы қыз аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Шемонаиха қаласының 39 жастағы тұрғыны осыдан 4 күн бұрын «102» жедел арнасына қоңырау шалған.

Өз сөзінде ол сағат 21.00-де үйден шыққан кәмелетке толмаған қызының хабар-ошарсыз кеткенін жеткізді.

Оқиға орнына шұғыл түрде аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұржан Түгелов бастаған жедел-тергеу тобы келіп жеткен.

Олар 15 жастағы қызды іздеуге кірісті. Сақшылар жасөспірім баруы мүмкін деген жерлерді, атап айтқанда көшелерді, Үбе өзенінің жағасы мен достарының үйлерін аралап шықты.

«Соның нәтижесінде, қыз танысының үйінен табылған. Оның денсаулығына ешқандай зақым келген жоқ. Қазір қыз ата-анасына жеткізілді. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар жасөспіріммен және ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізді», - делінген ақпаратта.

Өз кезегінде қыздың анасы көмекке келген полиция қызметкерлеріне алғысын жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да бір айдан бері полигондағы қоқыс өртеніп жатқанын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар