ШҚО-да 35 мыңнан астам бала коронавирусқа қарсы толық егілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 35 мыңнан астам бала Pfizer вакцинасының екі компонентін алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 909 344 адам салдырған. Ал екпенің екінші компонентін 901 976 адам алды. Бүгінде облыс шектеу шаралары талаптарының қатаң сақталуының арқасында тұрақты түрде «жасыл» аймақта.

«Қараша айында 12-18 жас аралығындағы балалар, жүкті және бала емізетін әйелдерге Pfizer вакцинасын салдыру науқаны басталған. Қазірде 84 248 адам осы вакцинаның I компонентін алды. Оның ішінде 2260 жүкті әйел, 6071 бала емізетін әйел, 75 917 бала бар. Ал II компонентті 38 623 адам, нақты айтқанда, 766 жүкті әйел, 2 525 бала емізетін әйел және 35 332 жасөспірім салдырды», - делінген ақпаратта.

Вакцина алған адамдарда қарсы реакциялар байқалған жоқ. Сондай-ақ елімізде «Омикрон» штамының таралуына байланысты кейбір өңірлерде эпидемиологиялық ахуал күрт нашарлаған.

«Алаңдауға негізгі себептердің бірі – «Омикрон» штамы жылдам тарайды. Эпидемиологтар мен иммунологтардың пікірінше, ревакцинация екінші екпені алған күннен бастап 6 айдан кейін коронавирустың жаңа штамынан қорғануға көмектеседі. Облыста 73 877 тұрғын коронавирусқа қарсы ревакцинациядан өтті. Иммундық жүйені нығайтуға ревакцинация QazVac, VeroCell вакциналарымен жүргізілуде», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар