ШҚО-да 300 гектарға жайылған тағы бір дала өртінің беті қайтпай тұр

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында тұтанған дала өртінің беті қайтпай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 5 қыркүйек күні кешкі уақытта шыққан өрт Күршім ауданындағы «Марқакөл» орман шаруашылығына, «Бобровка» орманшылығы мен Төсқайың ауылдық округі аумағына жайылған.

«Алдын ала дерек бойынша жалпы ауданы 300 гектарды құрайтын қызыл жалын ағаш, бұта мен шөпті шарпып жатыр. Ең жақын орналасқан Төсқайың ауылы мен от ошағының арасы – 10 шақырым. Елді мекенге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер, орманшылар, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен полицейлер оқиға орнында тілсіз жаумен күресіп жатыр. Барлығы 114 адам мен 17 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ «Еурокоптер» және МИ-2 тікұшақтары іске қосылды. Өскемен қаласынан жеке құрамнан 46 адам мен 6 техника көмекке келіп жетті.

Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында ірі дала өрті шыққанын хабарлаған болатынбыз. Ол жақта да өрт әзірге ауыздықталмай жатыр.




Соңғы жаңалықтар