ШҚО-да 300-ден астам дәрігер шетелде біліктілігін арттырды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі онкологиялық орталыққа барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемендегі онкологиялық орталыққа Қазақстанның басқа клиникаларында баламасы жоқ бірегей жабдық сатып алынған. Соңғы модельдегі жабдықтың қуатты желілік үдеткіші сәулелену дозасы мен пациенттерді емдеу уақытын едәуір қысқартады. Ол алдыңғыға қарағанда 10 есе күшті және ең бастысы науқастың тыныс алуымен синхрондалады, сәулелерді қажет жерге бағыттайды. Қазір үдеткішті баптау және қызметкерлерді осы қондырғымен жұмыс істеуге үйрету процесі жүріп жатыр.

«Соңғы бірнеше жылда 300-ден астам медицина қызметкері әлемнің үздік клиникаларында білім алды. Қазір біз саннан сапаға көшіп, нақты жұмыс істеуге тиіспіз. Яғни, хирургтерді бірегей онкологиялық операцияларды жасауға үйретуіміз керек. Бүгінде сырқаттанған азаматтарымыз шет елдерге барып емделуге мәжбүр. Біз олардың өз елімізде емделуіне мүмкіндік жасауымыз қажет. Сырттан тәжірибе жинап, білімін жетілдірген, жаңа технологияны меңгерген жаңа формациядағы дәрігерлеріміздің саны артады», - деді Даниал Ахметов.

Сатып алынған заманауи және жоғары технологиялы жабдықтар жүздеген онкологиялық науқастың сауығып кетуіне мүмкіндік ашпақ. Сондай-ақ Мәскеудегі Герцен атындағы институтпен келіссөздер жүргізілген. Бірнеше дәрігер Израиль клиникаларына оқуға барады.

Онкологиялық орталықтың өзінде операциялық бөлмелерден палаталарға дейін толық қайта жөнделді. Енді ол медициналық қызмет көрсетудің заманауи стандарттарына сәйкес келеді.


Соңғы жаңалықтар