ШҚО-да 300-ден астам ағаш заңсыз кесілген
2020 жылғы 15 қараша 12:57

ШҚО-да 300-ден астам ағаш заңсыз кесілген

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында белгісіз біреулер 300-ден астам ағашты заңсыз кескен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкерлері заңсыз ағаш кесудің екі фактісін анықтады. «Қазавтожол ҰК» АҚ иелігіндегі орманның, нақты айтқанда «Өскемен-Семей» республикалық тасжолының Саратов ауылына апарар 14-21-ші шақырымында кесілген ағаш бұтақтары табылды.

«2019-2020 жылдарға осы жерлердегі ағаштарды кесуге рұқсат берілмеген. Тексеру нәтижесінде 336 ағаштың заңсыз кесілгені белгілі болды. Оның ішінде 232 терек, 79 қандыағаш және 25 үйеңкі ағашы. Осының салдарынан табиғатқа 314 103 теңге көлемінде залал келтірілген», - делінген инспекция мәліметінде.

Екінші факті Ұлан ауданының әкімшілік аумағында, нақты айтқанда «Өскемен-Бозанбай» тасжолының 23-ші шақырымындағы Сібе өзенінің сол жағалауында анықталды. Мұнда 19 терек заңсыз кесілген. Табиғатқа келтірілген залал мөлшері – 99 813 теңге.


Jańalyqtar

MURAǴAT