ШҚО-да 30-ға жуық адамды алдап соққан алаяқ ұсталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 30-ға жуық адамды алдап соққан алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Контрафакт» жедел алдын алу шарасын жүргізді. Мұндағы мақсат – ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмысқа, оның ішінде интернет-алаяқтыққа тосқауыл қою.

Үш күн ішінде полиция қызметкерлері 14 қылмысты анықтап, бұрын жасалған 25 интернет-алаяқтықты әшкереледі. Сондай-ақ заңсыз контенті бар 40 сайт бұғатталды.

«Мәселен, шара барысында полицейлер Facebook және Instagram әлеуметтік желілері арқылы алаяқтықпен айналысқан 28 жастағы облыс тұрғынын ұстады. Ол азаматтарға жарнама жасап беретіндігіне сендіріп, алдын ала төлем ретінде ақша сұраған. Алайда қаражат банктағы шотына түскеннен кейін хабар-ошарсыз кетті», - делінген ақпаратта.

Күдікті 30-ға жуық адамды алдап соққан. Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 2-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар