ШҚО-да 3 млрд теңгеге білім берудегі озық технологиялар сатып алынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес іске асырылған «Менің мектебім» акциясы өзгеге үлгі боларлық бастамаға айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Демеушілердің көмегімен 3 миллиард теңгеге жуық қаражатқа білім берудегі озық технология түрлері сатып алынды. Нәтижесінде биылғы оқу жылында өңірде толық жабдықталған  277 IT сынып қолданысқа берілді. Осылайша, оқушылар қазіргі заманға сай білім алып жатыр.

Олар қазірден-ақ ақпараттық технология саласындағы олимпиадалар мен конкурстарға қызу дайындық үстінде.

- Роботтандыру жүйесі балаларды өте қатты қызықтырады. Өйткені болашақтағы IT мамандардың ең бірінші баспалдағы роботты техникадан басталады.Онда балалар программалауды кодтарынан емес, бірінші блок түріндегі дайын құрылымдармен жұмыс істейді, - дейді информатика пәнінің мұғалімі Мағжан Сырымбек.

Жалпы №46 орта мектебі Назарбаев зияткерлік мектебімен тең түспесе, кем түспейді. Білім ошағы 3 тілде дәріс беруді меңгерген. Ал роботты технологияның қыр сырын үйрету үшін 4 мұғалім жаз бойы арнайы дәріс алған.

Физика, математика, информатика пәнінен дарындылар оқитын қаладағы мектеп-лицейі де демеушілердің көмегімен жаңа сыныпқа ие болып, бүгінде игілігін көріп жатыр. Кәсіпкерлер ел болашағына салынған қаражат міндеті түрде ақталатынына сенімді.

- Болашағымызға инвестиция құйып жатырмыз. Еліміздің болашағы үшін. Өскелең ұрпақ заманға лайық білім алып, келешекте білікті маман болуы керек. Бұл біздің мекемеміз үшін де маңызды, - дейді тау-кен өндіруші кәсіпорынның директоры Юрий Овчинников.

Өңірде жастардың тек өз елімізде білім алып, қызмет етуін мақсат тұтқан «Білікті маман» жобасы да сәтті іске асуда. Мәселен, биыл мектеп бітірушілерге республикалық гранттан бөлек, тегін білім алу мүмкіндіктері берілді. 450 түлекке облыстық бюджеттен қосымша грант бөлінді, бұл - былтырғыдан екі есе артық көрсеткіш.

Соңғы жаңалықтар