ШҚО-да 23 мыңнан астам көпбалалы ана бар

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 9-10 ақпан күндері Шығыс Қазақстан облысы бойынша өткен «Жақсылық жаса» және «Жүректен - жүрекке» акцияларының қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Демалыс күндеріне дөп келген екі күндік акцияның алғашқы нәтижелерін облыстық денсаулық басқармасы мен білім басқармасының өкілдері жариялады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиолланованың айтуынша, өңірде 23 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Ал 320 мыңнан қыз-келіншек бар. Жыл сайын бұл санаттағы азаматшалардың барлығы бірнеше медициналық тексеруден тегін өтіп отырады.

«Медициналық мекеме мамандары көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға үнемі бас сұғып, тегін қарайды. Қажет болған жағдайда денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізімде көрсетілген дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етеді. Жас босанған аналарға психологиялық-профилактикалық көмек беріледі» - дейді Райфа Сафиолланова.

Ал білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиев «Жүректен - жүрекке» акциясы аясында 4 пәтерге қажетті жөндеу жүргізілгенін атады.

«Еріктілер қозғалысына тартылған Ұлан ауданының оқушылары 3 отбасының пәтеріне әрлеу жұмыстарын жасап берді. Ал Семей қаласындағы электр-технологиялық колледж ұжымы мен студенттері жылу батареясы қатып қалған пәтерге жаңа жүйе орнатып берді. Материалдық шығын колледждің бюджеттен тыс табысы есебінен өтелді. Аталмыш акцияның келесі кезеңі Түлек.кз сайты арқылы жүргізіледі. Бұған дейін мұқтаж балаларға бастамашыл топтар өз ұсыныстары бойынша көмек көрсетсе, ендігі жерде балалардың арман-тілектері сайтқа қойылады. Қамқорлыққа ниетті жандар сол сайт арқылы өзі таңдаған баланың тілегін орындап беруге мүмкіндік алады» - дейді басқарма өкілі.

Қажымұқан Оспанғалиевтің айтуынша , 2018 жылы мұқтаж балаларды қолдау үшін жалпыға міндетті оқу қорынан 1,342 млрд теңге бөлінген. Биыл 1,371 млрд теңге бөлінбек. Бұл қаржыға көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары мектепке қажет керек-жарақ пен оқушы формасын, спорттық киімдер мен аяқкиімдерді тегін алуда. Сондай-ақ, бұл санаттағы оқушылар аталмыш қор есебінен үйірмелер мен жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін бармақ.

«Бір ғана Семей қаласында 49 бала жекеменшік балабақшаға тегін баруға мүмкіндік алды. Ал кәсіби-техникалық коллледждерге мұқтаж отбасыдан шыққан түлектер бірінші кезекте қабылданатын болды» - деді Қажымұқан Оспанғалиев.

Соңғы жаңалықтар