ШҚО-да 23 мамырдан бастап балабақшалар жұмысын бастайды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 23 мамырдан бастап балабақшалар мен Халыққа қызмет көрсету орталықтары өз жұмысын бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

«ШҚО еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып, 16 мамырда карантин шараларын жеңілдетті. Қазіргі таңда өңірде коронавирус жағдайы тұрақты. Өткен аптада тек Семей қаласында 1 науқас тіркелді. Ал Өскемен мен басқа аудандарда індет жұқтырудың жаңа жағдайлары жоқ. Бұл бізге карантин шараларын жеңілдетудің екінші кезеңіне өтуге мүмкіндік беріп отыр. Бекітілген алгоритмге сәйкес, 23 мамырдан бастап балабақшалар мен Халыққа қызмет көрсету орталықтары өз жұмысын қайта бастайды», - дейді әкім.

Оның айтуынша, облыс ішіндегі автобус қозғалысы қалпына келтірілуде. Бірақ әзірге Семейге баратын қоғамдық көліктер жолға шықпайды.

«Қалыпты өмірге қайта оралу үшін ең алдымен, барлық кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің жұмысы қалпына келу керектігін және тұрғындардың өздеріне қажетті деңгейде ақша табуы қажеттігін жақсы түсінемін. Біз аймақ экономикасын қалпына келтіру үшін көп жұмыс істеудеміз. Барлық дерлік өнеркәсіптік кәсіпорындар карантинге дейінгі жұмыс режиміне көшті. Жекеменшік объектілердің 65 пайызы бұрынғы қызметін бастады. Мейрамханалар, дәмханалар және басқа да тамақтану орындары ашылды. Біз ондағы санитарлық нормалардың сақталуын қатаң бақылаудамыз», - дейді Даниал Ахметов.

Аймақ басшысының сөзінше, Чехия, Франция және Германия сынды елдерде шектеулер алынған соң тиісті бақылаудың болмауы вирустың қайта өршуіне әкеліп соққан. Сондықтан сақтық шараларын еш уақытта ұмытпаған жөн.

«23 мамырдан бастап Өскемен қаласының тұрғындары Горная Ульбинка, Сібе көлдері мен Бұқтырма су қоймасына демалысқа бара алады. Коронавируске шалдыққан саны көбейіп кетпес үшін облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің ұсынысы бойынша 1 маусымға дейін аумағы 2000 шарты мертден асатын ойын-сауық орталықтары, азық-түліктік емес тауар сататын сауда нысандары, үйірмелер мен арт-клубтар жұмыс істемейді», - дейді әкім.



Соңғы жаңалықтар