ШҚО-да 2022 жылға қарай 9 студенттік жатақхана ашылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Биыл қыркүйек айында оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 2 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы ШҚО мәслихатының алтыншы шақырылымының ХL кезекті сессиясында облыс басшысы Даниал Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төтенше жағдай мен карантиндік шаралардың енгізілуі білім жүйесіне әсер етті. Оқушылар мен студенттер қашықтан оқытуға көшті.

Қажетті жағдай жасау үшін біз 67 миллион теңгеге 9,5 мың балаға интернет-трафигі жоғарыланған роутерлер мен ұялы байланыс операторларының пакеттерін сатып алдық.

Жаңа оқу жылы басталмай тұрып, жалпы білім беру қорында үнемделген қаражат есебінен студенттер мен оқытушыларды 100% компьютерлік техникамен қамтамасыз ету үшін 8 мың ноутбук сатып алынады», - деп атап өтті ШҚО әкімі.

Оның айтуынша, биыл қыркүйек айында оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 2 мектеп пайдалануға беріледі (Абай ауданы, Қараауыл ауылында 300 орындық және Өскемен қаласы Ахмирово ауылындағы 1000 орындық мектеп).

«Орта кәсіптік білім беру саласында «Жас маман» жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Оның аясында танымал кәсіптердегі 10 колледж жаңғыртылып, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылады.

Жоғары білім саласында «Білімді маман» бағдарламасы бойынша 4 жыл ішінде 1446 грант берілді. Жалпы, түлектердің шетелдік жоғары оқу орындарына кетуі 1800-ден 535 адамға дейін 3,4 есе азайды«, - дейді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ, облыста «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» аясында студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.

«Бюджет есебінен Семейде 700 орындық 2 жатақхана, сонымен қатар жеке құрылыс салушылар есебінен 211 орындық 2 жатақхана ашылды. Барлығы 911 төсектік 4 жатақхана бар.

Ағымдағы жылы 3 жатақхананың құрылысы басталды. 2022 жылға қарай 2,5 мың орынға арналған 9 жатақхана ашу жоспарланған», - дейді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар