ШҚО-да 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы аясында 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде ғимараттарды қайта жөндеу, жаңа нысандар салу, көшелерді абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл Шығыс Қазақстанда 819 жоба жүзеге асырылып, оның 787-сі осы жылдың 1 желтоқсанына дейін аяқталмақ.

Бұл жобалар қалалармен қатар, аудандар мен шалғайдағы ауылдардың дамуына оң әсер етуде. Жаңа ғимараттар салынып жатқан жерде жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Қараша айында Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы бойынша 27 жобаны аяқтау қажет, – деді өңір басшысы Даниал Ахметов.

Алты ірі жоба, атап айтқанда Өскемен қаласындағы әуежай, Үржар ауылындағы аэробекеттің ұшу-қону жолағын қайта жаңарту, Семейде Қарағайлы шағын ауданына, Өскемендегі Есенберлин даңғылынан Жібек жолы көшесіне және Қазыбек би даңғылынан Алматы трассасына дейінгі аралықта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу, сондай-ақ Онкология және хирургия орталығының реанимация, маммология және гинекология бөлімшелерінің операциялық блогын жаңғырту сияқты жобалар келесі жылға көшіріледі.

Айта кетейік, облыста Жұмыспен қамту жол картасы аясында 247 шақырым жол жөнделіп, 14 ауруханада және 262 мектепте күрделі жөндеу жүргізілді. Барлық негізгі жобалар, оның ішінде кварталішілік су құбыры тораптары мен кәріздерінің және 19 шағын ауданның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы аяқталған. Семей қаласындағы көпірді жарықтандыру және Абай ауданы Қарауыл ауылындағы Абай атындағы саябақтың құрылысы бітуге жақын.

Соңғы жаңалықтар