ШҚО-да 2 мыңнан астам балаға оқуға қажетті құрал жабдықтар берілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 2 мыңнан астам балаға оқуға қажетті құрал жабдықтар берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір бойынша аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан мектепке баратын екі мыңнан астам балаға оқуға қажетті құрал жабдықтар салынған сөмкелер табысталды. Бұл «Nur Otan» партиясының «Мектепке жол» акциясы аясында жүзеге асырылған.

«Партиямыз әрқашанда көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдайды. Еліміздің болашағын ту еткен жастардың ең басты міндеті – жақсы білім алу. Ата-аналар мен бүлдіршіндерді келе жатқан 1 қыркүйек – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын», - деді «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков.

Аталған шара 10 жыл көлемінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Оған депутаттар, кәсіпкерлер, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері және белсенді партия мүшелері үнемі демеушілік жасауда.

Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы аясында облыс бойынша жалпы 100-ден аса қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады.


Соңғы жаңалықтар