ШҚО-да 150-ден астам отбасы баспаналы болды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Тұңғыш Президент күні атап өтілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да мереке қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысан салтанатты түрде ашылды. Сонымен қатар 150-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады. Аймақ басшысы Даниал Ахметов Өскемен қаласында көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, сондай-ақ кезекте тұрғандарға 30 жаңа пәтердің кілтін табыс етті.

Курчатов қаласында 14 көпбалалы ана жаңа пәтерге ие болды. Сондай-ақ Бесқарағай ауданында әлеуметтік осал санаттағы 16 отбасы жаңа үйлеріне көшті. Зайсан ауданында 36 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлауда, олар үшін «Шығыс» бағдарламасы аясында бір қабатты үйлер салынған.

Мереке қарсаңында Жарма ауданы Жаңғызтөбе кентінің тұрғындары да қуанышқа кенелді. Онда ауыл клубы мен демалыс саябағы ашылды. Ал Тұңғыш Президент күніне орай Көкпекті ауданының тұрғындары үшін көптен күткен дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.

«Бұдан бөлек, өңірде бірнеше спорт нысаны ашылды. Абай ауданы Қарауыл ауылында хоккей корты іске қосылды. Онда балалар тек хоккей ойнап қана қоймай, коньки тебе алады. Сондай-ақ жақын арада пайдалануға берілген спорт мектебі жұмыс істей бастайды. Аягөз ауданы Ақтоғай кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жарма ауданының Бірлік ауылында жаңа спорт алаңы ашылды. Ұлан ауданы Мамай Батыр ауылында жаңа көпір пайдалануға берілді», - делінген ШҚО Ақпарат орталығы таратқан мәліметте.

Катонқарағай ауданында 20 отбасы «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында салынған үйлердің кілттерін алды. Кішінарын және Майемер ауылдарында ауылдық клубтар, ал Үлкен Нарын ауылында Абай атындағы сквер ашылды.

Сонымен қатар Жарма ауданында кезекте тұрған 50 отбасы баспаналы болды. Ал Бородулиха ауданында 4 көпбалалы отбасыға үй берілді. Алтай ауданында тұратын 6 отбасы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынған жаңа бірқабатты үйлерге қоныстанды.


Соңғы жаңалықтар