ШҚО-да 130 шақырымдық аламан бәйге өтіп жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданында 130 шақырымдық аламан бәйге басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таңнан басталған дүбірлі жарысқа 33 жүйрік қосылды. Арасында еліміздің батысындағы Ақтау қаласынан келген тұлпар да бар. Зайсанның Сәтпай ауылынан шыққан сәйгүліктер Майқапшағай-Омбы жолының бойымен батысты бетке алып, Тарбағатай ауданының 65 шақырымдағы Байтоғас ауылынан кері қайтады.

"Осындай аламан бәйге өтетінін естіп Өскеменнен бір күн бұрын жеткенбіз. Аттар таңғы сағат 7.45-те жолға шықты. 130 шақырым деген аз емес. Көктем- жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Оның үстіне жер де әлі жібіп біткен жоқ. Жүйріктерге нағыз сынақ болайын деп тұр. Үстіндегі шабандозға де оңай емес. Әзірге алдыңғы топ желіспен бастады. Орташа жылдамдық -25 км/ сағат, - дейді Мырзабек Төкен есімді атқұмар азамат.

Бас жүлдеге 1 миллион теңге тігіліп отыр.

-Мұндай бәйге бірінші рет өтіп жатыр. Сәтті шықса, келер жылы әлдеқайда жоғары деңгейде өтетін болады, - дейді ұйымдастырушылардың бірі Қайрат Тоқтасынұлы.

Жарыс қорытындысы бойынша 7-ші орынға дейін қомақты жүлделер тігілген. Зайсанның жұрты Елбасы мақаласындағы «Атқа міну мәдениеті» туралы ой-түйіннен кейін, осындай бастамаға бел буып кіріскен көрінеді.

Қайрат Тоқтасынұлының айтуынша, шабандоз мәреге шауып жете ме, желіп немесе аяңдап бара ма - ерік өздерінде. Мақсат - 130 шақырымды тоқтамай жүріп өту және озу.

Жарыста шабандоз ауыстыруға болмайды. Ат пен шабандоздың бірі шаршап қалса, бәйгеден шеттетіледі.

Соңғы жаңалықтар