ШҚО-да 13 мыңнан астам науқас онкология бойынша есепке алынған

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 13 мыңнан астам адам онкологиялық сырқаттар бойынша есепте тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 13 мыңнан астам адам онкологиялық сырқаттар бойынша есепте тұр. Олардың барлығы медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тегін емделіп жатыр.

«Шығыс Қазақстан облыстық онкология және хирургия орталығына жыл сайын өзге өңірлер мен шетелдерден де науқастар келіп жатыр. Бұл медициналық мекеме еліміздегі ең үздіктердің бірі. Өйткені, онда томографтан УДЗ-ға дейінгі озық құрал-жабдықтар бар», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, аталған орталықтың хирург-онкологі Инна Чертишева Италиядан келген пациент жайлы айтып берді.

«Былтыр жыл сайынғы тексеруге келген науқас қазір ремиссияда. Оның не себепті бізге келгенін сұрап көрдік. Біріншіден, қызметтің бағасы себеп болған. Еуропада онкологиялық ауруларды емдеу өте қымбат. Екінші себеп – жеделділік. Осында қысқа уақыт ішінде барлық анализді тапсырып, ем-дом қабылдай алады. Ал, Италияда бірнеше ай күтуге тура келеді», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар